«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП-де ҚАЖ мекемелеріндегі өндірістерді дамытуға арналған жаңа тетіктер талқыланды

2025 жылғы 21 Қараша
387 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Өңдеу өнеркәсібі комитетінде кәсіпкерлік қауымдастық пен Қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелері және кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ осы нысандардың базасында өндірістерді ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Комитет отырысында бизнес өкілдеріне ҚАЖ мекемелерінде өндіріс орналастырудың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін таныстыруға бағытталған кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу шаралары талқыланды.

«Кәсіпкерлердің ҚАЖ мекемелерімен жұмыс істеудің нақты мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігін көруі біз үшін маңызды. Мұндай алаңдарда өндіріс орналастыру үшін бизнеске тиісті инфрақұрылымға қолжетімділік қажет. Палата жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеп, қажетті консультациялық әрі ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге дайын», – деді «Атамекен» ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп департаментінің директоры – басқарушы директор Алмат Асқар.

«Атамекен» ҰКП профильдік ведомстволармен бірлесіп, өндірістік компанияларды сотталғандарды жұмыспен қамтуға және ҚАЖ мекемелеріндегі дайын өндірістік үй-жайларда тұрақты өндіріс орналастыруға тарту механизмдерін әзірлеуде.

«Қазіргі таңда біз өз нысандарымызда өндіріс ашуға бағытталған белгілі бір жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын көздейтін заңнамалық түзетулерді қолға алдық. Біз кәсіпорындардың тек мекеме аумағында өндіріс учаскелерін іске қосып қана қоймай, сонымен бірге олардың сыртында, оның ішінде қоныс-колонияларында, біздің сотталғандарды жұмысқа қабылдау мүмкіндігін қарастырғанын қалаймыз», – деді ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің сотталғандар еңбегін ұйымдастыру басқармасының басшысы Гүлдана Шарипова.

Сондай-ақ алдағы уақытта өңірлік кәсіпкерлер палаталарының салалық кеңестері алаңдарында өндірістік компанияларды кеңінен қамтитын іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП ҚАЖ жүйесімен бірлескен жобаларға кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын одан әрі күшейтіп, бизнес үшін қолайлы әрі ашық жағдай қалыптастыруға, сонымен бірге сотталғандардың еңбек арқылы әлеуметтік бейімделуіне ықпал етуге ниетті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174