«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан 2026 жылы ЕАЭО Іскерлік кеңесіне төрағалық етеді

2025 жылғы 22 Желтоқсан
438 просмотров

Минскте «бестік» елдері бизнес-қоғамдастығының 2025 жылғы жұмысы қорытындыланды. Төрағалық эстафетасы ресми түрде ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өтті.

Жуырда Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Іскерлік кеңесі Төралқасының 27-отырысы өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылғанына қарамастан, отырыстың күн тәртібі барынша нақты мәселелерге бағытталды.

Бұған дейін белгілі болғандай, 2025 жыл Беларусь тарапының Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер конфедерациясының төрағалығымен өтті. Осы кезеңнің қорытынды құжаты – Минск декларациясы қабылданды. Бұл тек хаттамалық акт қана емес, сонымен қатар бизнес үшін өзіндік манифест деуге болады. Онда ЕАЭО елдерінің кәсіпкерлері бұдан былай жоғарыдан қабылданған шешімдердің жай орындаушысы болғысы келмейтінін, керісінше, Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) нарықтың нақты қажеттіліктерін ұсына отырып, интеграцияның қозғаушы күшіне айналуға ниетті екені айқын көрсетілген.

Өтіп бара жатқан жылы сыртқы бағытқа ерекше көңіл бөлінді. ЕАЭО өз ішінде ғана тұйықталып отыруды доғарды: Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісімнің күшіне енуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, Өзбекстанмен диалогтың басталуы Орталық Азиядағы тығыз ынтымақтастыққа негіз қалады. Тіпті алыс Куба да жақын бола түсті – логистика жөніндегі комитеттің құрылуы аралмен саудадағы басты мәселе саналатын тасымал қашықтығын шешуге бағытталған.

Бизнес үшін ең сезімтал мәселелердің бірі – Одақ ішіндегі адал бәсекелестік. Кәсіпкерлер көршілес елдердің нарығына шығу барысында жиі жасырын кедергілерге тап болады.

Отырыс барысында мақұлданған ЕЭК-тің Бәсекелестік блогы мен Іскерлік кеңестің іс-шаралар жоспары осы ережелерді жүйелеуге бағытталған. Бұл, алдымен, Одақтың басқа елінде тендерге қалай қатысуға болады және негізсіз шектеулерге ұшыраған жағдайда қандай әрекет жасау қажет деген сияқты мәселелерде ақпараттандыруды арттыруға қатысты болып отыр.

Талқылауда негізгі ұғым ретінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау тетіктерін білдіретін «бәсекелестікті адвокаттау» термині қолданылды.

Отырыс барысындағы басты жаңалық – 2026 жылға арналған Іскерлік кеңеске төрағалықтың ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілуі болды.

Қазақстан үшін бұл кезең жай ғана рәсімдік сипатта болмайды. ҰКП өкілдері олардың бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тұжырымдамасы негізінде құрылатынын атап өтті. Бұл ретте 2026 жылы ЕАЭО бизнес-қоғамдастығы мына бағыттарға басымдық бермек:

- өндірістік үдерістерге жасанды интеллектті енгізу;

- трансшекаралық операцияларды цифрландыру;

- технологиялар арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін түбегейлі арттыру.

Қазақстан тарапы сабақтастықты сақтай отырып, Іскерлік кеңес жұмысына технологиялық серпін беруді көздеп отыр.

Жаңа төрағаның алғашқы маңызды қадамы – Төралқаның келесі отырысын бетпе-бет, яғни офлайн форматта өткізу болмақ. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов кездесуді Шымкент қаласында өткізуді ұсынды.

Қаланың таңдалуы кездейсоқ емес: Шымкент – ірі көлік және өнеркәсіптік хаб. Кездесу 2026 жылдың наурызының соңына жоспарланған және Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында өтеді. Шымкенттегі кездесу бизнес өкілдеріне қашықтан пікір алмасумен шектелмей, тікелей диалог барысында нақты келісімшарттар жасасуға мүмкіндік береді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174