«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Нақты жұмыс жасап жатқан колледждерді ғана қаржыландыру қажет

2014 жылғы 01 Тамыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
11164 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев осындай ой айтты.

«Бізде (техникалық білім беру жүйесінде - ред. ескертпесі) әркімге де жағуға тырысып, барлық колледждің көңілін табуға ұмтылу жағынан жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Ақшаны шынымен де әрекет жасап жатқан, мысалы сіздердікі сияқты колледждерге ғана беру керек», - деп баса айтты Нұржан Әлтаев, Гуманитарлық-техникалық колледж базасында орналасқан  Петропавл қаласы кәсіптік бағдар жұмысы орталығымен таныса отырып.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен қалалық білім беру бөлімінің бірлескен жұмысының нәтижесі – СҚО-дағы алғашқы Кәсіптік бағдар орталығының пайда болуы кездейсоқ емес. Өңір кәсіптік бағдар жұмысын дамыту бойынша пилоттық жобаның қатысушысы болып табылады.

«Барлығы да дұрыс, бірақ мен сонымен бірге мамандықтардың ғана емес, осы кәсіпті алған соң болашақ түлек жұмысқа орналаса алатын кәсіпорындар тізімін де жасауды ұсынар едім. Мысалы, мектеп оқушысы сіздерге кәсіптік бағдар алуға келе отырып, Петропавл ауыр машина жасау зауытын таңдайды да, ондағы талап етілетін мамандықтарды бірден көреді», - деп баса айтты Нұржан Бауыржанұлы.

Ол сонымен қатар бүгінде бизнестің кадрлар жетіспеушілігін, әсіресе қарапайым жұмысшы мамандықтар жағынан, сезініп отырғандығы себебінен Ұлттық палатаның «Дуалды білім берудің жол картасын» жасап шыққанын атап өтті. Оның басты ерекшелігі ендігі жерде кәсіпорындар мемлекеттік білім беру тапсырысын өздері қалыптастыратындығында болып отыр. Яғни олар Палатаға қандай да бір бағыттағы мамандардың талап етілетін мөлшеріне тапсырыс жасайтын болады, ал палата дәл осы оқу орнына мемлекеттік білім беру тапсырысын бағыттай отырып, қажет мамандарды даярлай алатын колледждерді таңдайтын болады. Осылайша, палатамен, оқу орнымен үш жақты шарттар жасаса отырып, кәсіпорын осы студенттер үшін іс-тәжірибелік алаң ұсыну, оларға тәлімгер бекіту, шағын жалақы төлеу бойынша ғана емес, оларды болашақты жұмысқа тұрғызу міндеттемесін де өзіне алатын болады.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасарына дуалды оқыту бойынша мұндай жұмыстың Гуманитарлық-техникалық колледжде жасалып та жатқандығы жайлы ақпарат берілді. Колледж Петропавлдың кейбір өнеркәсіптік кәсіпорындарының тапсырысы бойынша мамандарды дайындап жатыр екен. Оның  үстіне, ГТК директоры Александр Мерк зауыттың тәуелсіз директоры бола отырып, «Мұнаймаш» АҚ директорлар кеңесіне кіреді. Бұл зауыттың кез-келген шешімін, соның ішінде кадрларды даярлауға қатысты мәселені де бақылауда ұстауына мүмкіндік береді.

«Келесісі – мамандарды қайта даярлау және біліктілікті көтерумен айналысатын оқу орталығын дәл осы кәсіпорында ашуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті СҚО КП директорының орынбасары Владимир Литвиненко.

Жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатта Нұржан Әлтаев облыстың Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу бойынша басымдылықты және перспективалы облыстардың бірі болып табылатындығын атап өтті. Алайда, орның сөзіне сүйенсек, мұнда жасайтын дүние жеткілікті. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы әрбір ауданның егжей-тегжейлі талдауы қажет. Ол әлеуетті анықтауға, экономиканың неден тұратындығын, қандай шикізат бар екендігін және қандай жобаларды дамытуға болатындығын білуге мүмкіндік береді.

«Бүгін біз облыс әкімімен кездестік, барлық мәселелер туралы тілдестік және осындай талдау жақын арада жасалатын болады. Содан кейін қараша айында осы жерде үлкен инвестициялық жәрмеңке өткізбекшіміз. Яғни осы талдаудың негізінде біз жобалар жасаймыз да, Петропавлға бизнесмендерді шақырып, осы жерге ақша салуға болатындығын, мұнда да өте қызықты жобалар бар екендігін көрсетеміз, ал әкімдік инвесторларды қолдайды», - деп атап өтті ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жақсы нәтиже берген осыған ұқсас жұмыстар жүргізілген болатын. Нұржан Әлтаевтың айтуынша, ОҚО-да 50 жоба дайындалып, оларды таныстырғаннан соң 17 жоба жүзеге асырылған.

Сонымен қатар ол СҚО барлық аудандарында бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылатындығын хабарлады. Яғни бір бөлмеде Кәсіпкерлер палатасының филиалы, «Даму» қорының, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қызметкерлері, сервистік қызметтер бойынша консультанттар, рұқсат беру құжаттарын беретін ұйым өкілдері және т.б. орналасатын болады.

Сонымен қатар жұмыс сапарының барысында ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімі оқу орталығының жұмысымен танысты, Палата ұжымымен, СҚО КП аудандық филиалдары директорларымен, СҚО КП Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің өкілдерімен жұмыс жиналысын өткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер