Қаладағы қымыз дәмі
Өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпазы болудан үміткер кәсіпорын Ресей Федерациясына жеткізілетін өнім көлемін арттырмақ
Бүгінде «Арқалық» шаруа қожалығы өз өнімдерінің белгілі бір бөлігін көршілес жатқан Ресейге сатып келеді.
Мамлют ауданы Андреевка ауылындағы шағын зауытта шығарылатын емдік сусын сапасы жағынан Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында кеңінен танымал. Көбінесе тапсырыстар Бурабай шипажайының емделушілері мен сол маңдағы тұрғындардан келіп жатады. Кәсіпорын тәулігіне мың литр қымыз өндіреді. Өнім көлемі 0,5 және 0,33 литрлік шағын әрі эргономикалық бөтелкелерге құйылады. Өндірістік цех құны 17 млн теңге болатын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл технологиялық процесті автоматтандыруға және механизациялауға мүмкіндік берді.
«Арқалық» шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаевтың жеке бизнеспен айналысқанына 20 жылдай болды. Осы табысты қызмет атқарған жылдары ол облыстық «Алтын сапа-2009», «Қазақстанның үздік тауары-2010», «Қазақстандағы жыл кәсіпкері» және «Үздік ұлттық өнім» сияқты халықаралық, республикалық, өңірлік байқаулардың жеңімпазы атанды. Оған қоса шаруашылық 2010 жылы «Парыз» байқауының «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша бас жүлдені иемденді. Өйткені табысты бизнеспен қатар, мұнда әлеуметтік қызмет те жоғары бағаланады. Сонымен қатар «Арқалық» шаруа қожалығы ауыл мектептерінде ыстық тамақты ұйымдастыруға көмектесіп, мәдени-бұқаралық шараларды өткізуге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге демеушілік танытып келеді.
Шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаевтың айтуынша, «бизнесте әрдайым өнім мен көрсететін қызмет сапасын жақсартуға, ішкі және сыртқы нарықта өндірістік қуаттылық пен сауда көлемін арттыруға, жоғары әлеуметтік стандарттарға сай болуға талпынып, сондай-ақ ұжым алдындағы, қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезіну қажет».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: