«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шаруалар АӨК проблемалары туралы айтып берді

2016 жылғы 25 Сәуір
- Солтүстік Қазақстан облысы
14859 просмотров

СҚО аграрийлері Қазақстанның фермерлер одағына осы саладағы проблемаларды айтып берді

Өткен аптада СҚО Кәсіпкерлер палатасында жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстанның фермерлер одағы және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесуі болып өтті. Ұйымдастырылған видеоконференц-байланыстың арқасында отырысқа облыстағы 13 ауданның кәсіпкерлері де қатыса алды.

Көшпелі скайп-отырысты ұйымдастыру бастамасы «Қазақстанның фермерлер одағы» РҚБ-ға тиесілі.

«Біз жыл сайын елдің барлық өңірінен фермерлер ғана емес, Үкімет, Президент Әкімшілігі, түрлі партиялар және т.б. делегаттарды шақыру арқылы съезд өткіземіз. Биыл ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, біз өңірлерге шығып, фермерлердің өз аузынан олардың проблемалары туралы естіген жөн деп деп шештік. Сіздердің облыстарыңыз мұндай отырыс өткен бесінші облыс», – деді сөйлеген сөзінде «Қазақстанның фермерлер одағы» МҚБ президенті Әуезхан Дарынов.

Айта кету керек, астаналық делегация мүшелері аграрийлердің өзекті проблемаларын ғана емес, сонымен бірге олардың ауылшаруашылық кооперациясы секілді мәселелер және мемлекеттік қолдау мен арнайы салықтық режимдерге қатысты соңғы өзгерістер туралы пікірлерін білгісі келді.

«Өз тарапымыздан, біз фермерлерге жаңа «Ауылшаруашылық кооперация туралы» заң туралы айтпақпыз. Оның, тұтастай алғанда, ел ауқымында қалай дамып отырғанын, оған солтүстік қазақстандық аграрийлер қалай қатыса алатыны туралы айтып бермекшіміз. Сонымен бірге, бүгінгі таңда АӨК субъектілеріне салық салуға қатысты орын алған өзгерістердегі аяқалыстар талқылануда, біз осы өзгерістердің қаншалықты орынды және шын мәнінде ұсақ ауылшаруашылық субъектілерінің жағдайын жақсарта ала ма? Міне, осыны түсіну үшін фермерлермен ақылдаспақпыз. Мәселен, сатылымдар салығы. Бұрын шаруалар ҚҚС төлемеген, жаңа ереже бойынша олар сатылымнан түскен ақшаның шамамен 5 пайызға жуығын салыққа кетіретін болады. Біз ауылшаруашылық субъектілерінің қалтасына ауыр келеді деп ойлаймыз. 70-пайыздық жеңілдік қолдануды ұсынамыз», – дейді «Атамекен» ҚР ҰКП АӨК және тағам өнеркәсібі департаментінің директоры Рүстем Құрманов.

Сонымен бірге, ол Палата осы мәселелер бойынша өз түзетулері мен ұсыныстарын енгізу үшін жекелеген қожалықтардың қаржылық модельдерін зерттеуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Айта кетерлік бір жайт, өңірлерде мұндай кездесулерді өткізудің пайдасы еш күмән тудырмайды. Солтүстік қазақстандық аграрийлердің астаналық делегацияға айтарлары шын мәнінде  көп болды.

Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының фермерлері жемшөптік егін егуді субсидиялау мәселесі толғандырып отыр, себебі 2016 жылдан өзгерістер қабылданған, оларға сәйкес гектарына төленетін субсидиялар толығымен алып тасталып, оның орнына инвестициялық субсидиялар берілетін болған. Айтпақшы, бұл соңғы өзгеріс фермерлердің көңілінен шығып отыр. Себебі, енді мемлекет тек жемшөпті ғана емес, техника сатып алуға кеткен шығынның 30%-ын көтеріп алмақ. Инвестициялық субсидиялау дегеніміз осы.  

Мемлекеттік демеуқаржылардан бөлек, аграрийлер егінді сақтандыру, көктемгі егу жұмыстарына даярлық, ЖЖМ сатып алу, ауылшаруашылық кооперациялар артықшылықтары және т.б. мәселелерге назар аударды. Олардың барлығына астаналық делегация мүшелері толыққанды жауаптар айтты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер