«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер жергілікті биліктің әрекетіне шағымданды

2016 жылғы 26 Қазан
- Солтүстік Қазақстан облысы
11728 просмотров

Шал ақын ауданында бизнестің дамуына кедергі көп. Ол туралы кәсіпкер Сұлтан Төрленов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі мен Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының бірлескен отырысында баяндады

«Кеңес отырысы – бұл біздің соңғы үмітіміз», дейді кәсіпкер.

Сонымен, мәселенің мәнісіне үңілсек, биылғы жылдың 17 маусымында Сергеевка қаласының әкімі Ерлан Жақыповтың шешімімен, Сұлтан Төрленовтың сауда павиьонын салған жер теліміне жеке меншік құқығы тоқтатылған. Кәсіпкер уақыт оздырмастан, Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап жүгінген. Содан кейін сот процесі басталады.

«Мен мұның барлығы бәсекелестерімнің ісі деп ойлаймын. Олар менің өз ісімді адал атқаруыма кедергі келтіріп отыр. Біз олармен ұсақ-түйек мәселелер бойынша  бірнеше рет келісе алмай қалдық. Мен оларға тек бөгет болып отырмын, ал әкімдік солардың мүддесін жақтап отыр», – деді кәсіпкер Сұлтан Төрленов.

Сот кәсіпкерге жер телімін қайтарып береді. Алайда кәсіпкердің мәселелері мұнымен бітпеген. Оған мемлекеттік сәулет-құрылыстық бақылау және лицензиялау басқармасы тексеру жүргізіп келеді. Мемлекеттік органдардың тексеру жүргізудегі негізгі себебі – адам денсаулығына, өмірі  мен заңды және жеке тұлғалардың құқықтық мүдделеріне қауіп төндіру дерегі болып отыр. Бірақ тексеру барысында ешқандай заң бұзушылық анықталмаған. Шал ақын ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Серік Дүйсембаев туралы да айтқан жөн. СҚО Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының ойынша, оның ісінде де жауапсыз әрекеттер байқалады. С.Төрленовқа жіберілген хабарламада: «2012 жылдың 26 сәуіріндегі жер телімін сатып алу шарты, ҚР Жер кодексінің 44-1-бабы 2-тармағы бойынша заңсыз бекітілген», – делінген. Алайда, ҚР Жер кодексінің 44-1-бабы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгенін ескерсек, ешқандай заңбұзушылық болмаған. СҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің басшысы Асқар Махметов атап өткендей, бұл дерек мемлекеттік органның кәсіпкерлік қызметіне қол сұғу болып саналады.

Шал ақын ауданының әкімі Ербол Сағдиев болса, сандарды мысалға келтірді. «Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында былтырғы жылы сомасы 67 млн теңге несие бөлінді. Ал биылғы жылы оның мөлшері 112 млн теңгеге жетіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 150 млн теңгеге дейін жеткізбекшіміз. Сөздеріңізге сенсек, мен кәсіпкерлердің бірінші жауы болып отырмын. Сонымен қатар, адал кәсіпкерлерді айыра білу керек. Бүгін Кеңесте қаралып жатқан екі мәселеден айтарым, олар жауапсыз кәсіпкерлер», – деп уәжін жеткізді Шал ақын ауданының әкімі.

ҚР ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов екі тарапты мұқият тыңдаған соң, мынадай қорытынды жасады: «Сот шешімін күтеміз. Содан кейін осы мәселеге қайта оралуымыз керек. Бір жағынан, кәсіпкерлердің кәсіпкерлік қызметке заңды құқығы бар. Одан да аттап өтуге болмайды. Екінші жағынан, бұл жерде жергілікті билік органдарының мүддесі тұр. Заңнамаға сай олардың да заңды құқығы бар. Мен СҚО кәсіпкерлер палатасының сот шешімінен кейін, егер орынды болса, осы мәселені қолданыстағы заңнаманы бұзу ретінде қарауын ұсынамын».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер