«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

СҚО-да Ashyq жобасымен «қызыл» статусы бар 333 тәртіп бұзушы анықталды

13 Қыркүйек 2021 - Солтүстік Қазақстан облысы
1539 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысында Ashyq жобасы іске қосылғалы бері «қызыл» статуспен 333 келуші нысандарға кіруге талпынғанын облыстық кәсіпкерлер палатасы хабарлады.

 Карантин режимін бұзғандар қатарында COVID-19-ды жұқтырған адамдармен байланыста болған азаматтар да бар.

 «Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ashyq жобасына 2603 нысан қатысып жатыр, соның ішінде 49-ы сынақ режимінде жұмыс істейді. Қосымшаны ауылдық жерлерде де белсенді қолданып жатқанын байқадық. Қатысушылардың жалпы санынан 54 пайызы – ауылдық жерлердегі қатысушылар. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде жүйе енгізілген сәттен бастап үй карантинін 563 бұзушы анықталды. Бұл «қызыл» статусы бар 333 келуші және «сары» статусы бар 230 келуші», – дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметов.

 Еске салайық, «сары» статус деректер базасында COVID-19-ды жұқтырған адаммен байланыста болған адам, «қызыл» немесе «жұқтырған» статус адам COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесімен базада тіркелгенін білдіреді. Екі статус та азаматтың жүріп-тұруы шектелгеніне, үйде оқшаулану режимін ұстану керегін білдіреді.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік желілерде Ashyq қосымшасының есептік жазбасын шектеу туралы ақпараттың дәйексіз екеніне бизнес субъектілерінің назарын аударады.

«Бұл жалған ақпарат. Ashyq жобасындағы барлық өлшемдер мен жұмыс шарттары санитар дәрігердің қаулысымен анықталған. Сондықтан құрметті кәсіпкерлер, Сізден тек ресми ақпаратты пайдалануыңызды сұраймыз. Ashyq қосымшасына қатысты барлық сұрақтар бойынша СҚО Кәсіпкерлер палатасына мына телефондар арқылы хабарласуға болады: +7 (7152) 50-36-15, 50-35-86», – деді СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлер.


Серіктестер