«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Петропавлдық жиһаз өндіруші «Жайлы мектеп» жобасына қатысуға ниетті

2023 жылғы 30 Қаңтар
- Солтүстік Қазақстан облысы
4557 просмотров

«Регион 715» ЖШС 15 жылдан астам уақыт мектеп, балабақша, колледж және жоғары оқу орындарына арнап жиһаз шығарады.

Былтыр компания Steam зертханалары, физика, химия, биология сабақтарына арналған пәндік кабинеттер, жалпы білім беретін сыныптар, асханалар мен гардероб бөлмелері сияқты 2000-нан астам мамандандырылған кабинетті жабдықтады. Биыл компанияның жоспары көп, соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу көзделген.

Еске салсақ,  бұл жобаның мақсаты орта білім беру саласындағы апатты нысандар, үш ауысымды мектептер және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жою. 2023-2025 жылдар аралығында республика бойынша 401 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның төртеуі СҚО-да салынады. Жобаның бірыңғай үйлестірушісі –  «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.

  «Жобаны іске асыруға 2,6 трлн теңге бөлінген. Бұл қаражаттың үштен бір бөлігі отандық тауар өндірушілерден жүзеге асырылатын жабдық пен жиһаз сатып алуға бағытталатын болады. Ол үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрбір облыста осы жобаны іске асыруға отандық тауар өндірушілерді барынша тарту үшін тауар өндіруші-жеткізушілердің тізбесін қалыптастырады. Біздің облыста осы жобаны іске асыруға мүдделі индустриялық сертификаты бар 2 жиһаз өндірушісі жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Регион 715» ЖШС және «Фирма Леонтьев», – дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Магамед Дудаев.

 Қазіргі кезде «Регион 715» ЖШС штатында 50 адам жұмыс істейді. Компания жұмыс істеу жылдарында тұрақты қаржылық және шикізаттық базаны қалыптастыра алды. Сондай-ақ, компания «Kazdidac» оқу жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер қауымдастығының мүшесі.

 «Біз ағашпен ғана емес металл өнімдерімен де жұмыс істейміз. Өндірістің толық циклін жолға қойдық. Былтыр біз Қазақстан бойынша мектептер үшін сыныптарға арналған 2000-нан астам жиынтық дайындадық. Биыл жоспарымыз көп, соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу. Өзімізді осы жобаның әлеуетті жеткізушілері мен қатысушылары ретінде көрсету үшін біз қызметкерлер құрамын 50 адамға дейін ұлғайттық. Мамандарды оқытуды бастадық, өндірістік аумақтарды кеңейттік. Биыл 3,5 мыңнан астам сыныпты, оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасына қатысу арқылы жабдықтауды жоспарлап отырмыз, – дейді «Регион 715» ЖШС Бас директорының орынбасары Александра Русина.

Жергілікті өндірушілер еліміздің оқу орындарын заманауи, сапалы және жайлы жиһазбен қамтамасыз етуге дайын.

 

  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер