«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары өңірлерге сапарын жалғастырып жатыр

2024 жылғы 22 Қараша
- Ақмола облысы
338 просмотров

Сапар аясында Жарқайың, Есіл, Жақсы және Атбасар аудандарының бизнес субъектілерімен көшпелі кездесулер өтті. Бұл кездесулерге облыстық қаржы институттарының өкілдері де қатысады. Мақсаты — мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.

«KOKSHE» ӘКК және Ақмола филиалының өкілдері «Кең дала» және «Кең дала 2», бағдарламалары, «ҚазАгроҚаржы» жеңілдікті бағыттарын түсіндірді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және арнайы техника лизингі бойынша қаржыландырудың ағымдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді. Даму қорының филиалы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілмен қамтамасыз ету өлшемдерін таныстырды. Ал Азық-түлік- келісімшарт корпорациясының облыстық филиалының спикері ауыл шаруашылығын тауарын өндірушілерден астық өнімдерін тікелей сатып алу механизмдері туралы айтты.

«Біз өз тарапымыздан 5 млн теңгеге дейін және 400 АЕК-ке дейін гранттық қаржыландыру бағдарламалары туралы хабардармыз. Алайда, қазір астықты тікелей сатып алу мәселесі фермерлер үшін ең өзекті болып отыр. Ел Президенті Азық-түлік корпорациясы арқылы фермерлерден нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін жеткілікті көлемде астық сатып алуды ұйымдастыруды тапсырғаны белгілі. Ауыл шаруашылығы министрлігі 10 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Бұл қаражатқа 150 мың тонна астық сатып алынады. Биыл Ақмола облысында рекордтық өнім жиналды - 6,6 млн тонна астық. Алайда оны өткізу мәселесі біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін аса маңызды болып қала береді», - деп атап өтті ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Айта кетейік, жақында Азық-түлік-келісімшарт корпорациясының облыстық филиалында өтінім қабылдау басталды. Тікелей сатып алу бағдарламасы бойынша алдын ала бағалар:
3-класты бидай (глютен 27%+) – ҚҚС-пен 90 000 теңге;
3-класты бидай (глютен 25%+) – ҚҚС-пен 80 000 теңге;
3-класты бидай (глютен 23%+) – ҚҚС-пен 75 000 теңге;
4-класты бидай (глютен 21%+) – ҚҚС-пен 65 000 теңге;
4-класты бидай (глютен 18%+) – ҚҚС-пен 55 000 теңге;
5-класты бидай (глютен 18%+) – ҚҚС-мен 50 000 теңге;
2-класты арпа (натура 630 г/л) – ҚҚС-мен 50 000 теңге.

Тақырыпқа қатысты сұрақтар бойынша мына мекенжайға хабарласуға болады: Көкшетау қаласы, Назарбаев даңғылы, 19, тел. (8-716-2) 55-11-51, 55-11-54, 42-25-22.

Кездесулердің қорытындысы бойынша хаттамалар дайындалды. Онда бизнес субъектілерінің барлық мәселесі мен ұсыныстары көрсетілген. Осындай көшпелі семинар-кеңестерді қолдау шараларын түсіндіре отырып, Ақмола облысының барлық өңірлерінде тұрақты негізде өткізілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер