«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Әділетсіз бәсекелестік»: Қазақстандық өндірушілер ЕАЭО нарығында қиындықтарға тап болуда

2025 жылғы 15 Қыркүйек
406 просмотров

Кедендік шекаралардың жоқтығы қазіргі жағдайларда отандық өндірушілерге кері әсер етеді

Отандық өндірушілер Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктестер қолданып отырған «нарықтық емес» механизмдердің салдарынан қолайсыз жағдайға тап болды. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов мәлімдеді.

Сарапшы «Atameken Business» телеарнасының «Мир.Итоги» бағдарламасына берген сұхбатында көршілес Ресей мен Беларусь елдері агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті.

«Ресей мен Беларусьтегі геосаяси жағдай Қазақстан экономикасына, әсіресе агроөнеркәсіп кешеніне тікелей әсер етеді. Ресейлік кәсіпорындар үлкен субсидиялар алып, тауарларды әлдеқайда төмен өзіндік құнмен өндіру мүмкіндігіне ие болып отыр. Мысалы, 2024 жылдың басынан бастап Ресей логистика шығындарының бәрін толықтай өтеуде, бұл олардың тауарларын Қазақстан нарығында анағұрлым арзан болуына ықпал етеді. Бұл кездейсоқ жағдай емес, бұл жоспарлы мемлекеттік бағдарлама», – деді Тимур Жаркенов.

Беларусьтегі жағдай бұдан да айқынырақ көрініп тұр: агроөнеркәсіп кешеніне көрсетілетін мемлекеттік қолдау деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Бұл оларда шығарылған сүт және ет өнімдерінің Қазақстанға өте төмен бағамен келіп, отандық өнімдерді ығыстыруына алып келеді.

ЕАЭО ішіндегі кедендік шекаралардың болмауы сауданы жеңілдетуге тиіс болғанмен, қазіргі жағдайда Қазақстандық өндірушілерге кері әсер етіп отыр.

Сарапшының айтуынша, кедендік баж салығы әдетте импортты реттеп, ішкі нарықты қорғайтын тосқауыл болуға тиіс. Алайда, одақ шеңберінде аталмыш салықтың болмауы мемлекет тарапынан қолдау алған тауарлардың Қазақстан нарығына кедергісіз кіруіне мүмкіндік береді.

«Отандық өндірушілеріміз қазір өте қиын жағдайда. Біз қалыпты нарықтық жағдайда жұмыс істесек, ЕАЭО бойынша серіктестеріміздің экономикасы мемлекет тарапынан көрсетілетін күшті қолдаудың арқасында жасанды түрде «күшейіп» отыр. Бұл – нарықтық емес механизмдер, олардың салдарынан әділетсіз бәсекелестік туындайды», – деді сарапшы.

Тимур Жаркеновтың пікірінше, Қазақстанға өз өндірушілерін ЕАЭО нарығында бәсекеге қабілетті ету үшін қолайлы құралдар мен тәсілдер қажет. Көршілес елдер өз компанияларына кең көлемде мемлекеттік қолдау көрсетіп жатқан жағдайда, біздің отандық компаниялардың дамуы үшін қосымша ынталандыру шаралары қажет.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174