Қазақстандық өндірушілер халықаралық деңгейде тағы да өз шеберліктерін дәлелдеді
Қазақстандық кәсіпкерлер халықаралық деңгейде мойындалды. Францияда өткен Mondial du Fromage–2025 ірімшік және сүт өнімдері байқауында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының отандық финалистері жүлделі орындарға ие болып, ұлттық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.
Францияның Тур қаласында 14–16 қыркүйек аралығында өткен беделді Mondial du Fromage–2025 ірімшік және сүт өнімдері байқауында «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының финалистері 6 медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.
Mondial du Fromage – әлемдік ірімшік индустриясындағы маңызды шара. Биыл байқауға 32 елдің үздік мамандары қатысып, өнім таныстырудан бөлек, теориялық тест, гастрономиялық жұптастыру, арт-экспозиция құру сынды күрделі кезеңдерден өтті.
Қазақстан құрамасының нәтижесі: 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль.
Біздің жеңімпаздар:
- Александра Григолова және Никита Кобзев – «Жеті лақ» фермасы (Маңғыстау облысы);
- Назгүл Сисенғалиева – «Mangystau Dyami» бренді, балқаймақ (Маңғыстау облысы);
- Эльвира Мұқашева – «Буррата» цехы, түйе сүтінен жасалған «Қымызхан» ірімшігі (Көкшетау қаласы)
- Руслан Соколов – «Соколовтар» ірімшік цехы, «Бурабай» ірімшігі (Ақмола облысы).
Александра Григолова мен Никита Кобзевтің отбасы осы байқауда 1 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды. Маңғыстаулық ірімшік өндірушілер конкурсқа өздерінің ешкі және түйе сүтінен жасалған ірімшіктерін ұсынып, өнімдері қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Көкшетау тұрғыны көп балалы ана Эльвира Мұқашева түйе сүтінен жасалған авторлық «Қымызхан» ірімшігі үшін алтын медаль иеленді.
Бурабай ауданы Қатаркөл ауылынан шыққан Руслан Соколов «6 айға дейін пісетін жартылай қатты ірімшіктер» номинациясында «Бура» ірімшігі үшін алтын медальға ие болды.
Сонымен қатар, Бейнеу кәсіпкері Назгүл Сисенғалиева түйе сүтінен жасалған балқаймағы үшін күміс медаль алды.
«5-6 сиыр немесе түйе сауып отырған әйелдер қазір сол өнімдерін шығару үшін бірнеше сертификаттаудан өтті. Ветеринарлық инспекциядан өтіп, Еуразиялық сертификаттарды да алып отыр. Соның арқасында олардың өнімдері қазір шетелге шықты. Бұл – үлкен жұмыс. Тек қана Маңғыстау өңіріне емес, бұл Қазақстан үшін үлкен жеңіс. Сондай-ақ, біздің Александра бұдан былай тек ірімшік өндіруші ғана емес, дипломат та атанды! Қазақстан Ірімшік жасаушылар Ассоциациясының президенті Александра Григолова Әлемдік Ірімшік жасаушылар Гильдиясымен ынтымақтастық Меморандумын жасасты. Оған осы Гильдияның президенті Мсье Roland Barthélemy қол қойды», – дейді Маңғыстау облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Сәуле Салихова.
«Le Mondial du fromage байқауына қатысу мен үшін керемет тәжірибе болды. Бұл жай ғана жарыс емес, нағыз шеберлік мектебі: әр күн жаңа біліммен, әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды ірімшік жасаушылармен кездесулер және дәм әлеміндегі бірегей жаңалықтармен толтырылды. Борак ірімшігі үшін алтын медаль алу - зор қуаныш пен үлкен жауапкершілік. Мен халықаралық аренада біздің еліміз бен өңірімізді көрсете алатынымды мақтан тұтамын және бұл мені жаңа авторлық өнімдер жасауға шабыттандырады», – дейді Руслан Соколов.
Айта кетсек, жоба аясында биыл еліміздің 17 өңірінде 51 финалист таңдалып, өңірлік бренд-комитеттердің әділ бағалауынан өтті. Алда қалған Түркістан облысында және Астана мен Алматы қалаларында отырыстар өтеді.
Бұл жетістік аталмыш жобаның ауылдық өңірлерде өндірілетін сапалы өнімдерді халықаралық нарыққа шығарудағы тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: