«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ТҮРКІСТАНДА 300-ГЕ ЖУЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМ ӨТІП ЖАТЫР

2025 жылғы 24 Қараша
- Түркістан облысы
506 просмотров

Облыс орталығында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысуда. Маңызды шара барысында көрме ұйымдастырылып, келушілер мен инвесторлар назарына өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар облыста іске асып жатқан инвестициялық жобалар легі ұсынылды. 

Бұл форумның мақсаты –  аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту.

Форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумға қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді. 

–  Бүгінгі форум – жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға шетелден 200 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 27 млрд. АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 165,5 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деген Нұралхан Көшеров облыстың инвестициялық әлеуетін баяндады. 

Іскерлік жиында «Парыз» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасының орынбасары – Тимур Нақыпбеков модератор болды. Спикерлер қатарында Шэньси провинциясының шетелдік мемлекеттермен достық қоғамының хатшылық бастығы – Бан Хуэй, Қазақстан Республикасындағы ҚХР Төтенше және өкілетті Елшісі – Хань Чуньлинь, Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы – Жошыхан Қыраубаев, «Souths Oil» компаниясының президенті – Серікжан Сейтжанов, Бачжоу қалалық халық үкіметінің хатшысы (ҚХР) – Му Хэжун, кәсіпкер, «Karazhal Operating» және «Global Chemicals Company» компанияларының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Ұлттық жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) конфедерациясы ҚБ президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов қатысты. 

Пленарлық отырыста Қазақстандағы Халықаралық сауданы ілгерілету Қытай комитетінің (CCPIT) өкілі – Лю Юэ, «Қазах Инвест» ҰК АҚ жобалар менеджері – Әбдірашид Үсенов, «Қайып Ата» компанияларының Бас директоры – Сырым Ертаев, Қазақстандағы «Xinjiang Lihua (Group) Co. Ltd» компаниясының директоры – Суй Дже сөз сөйлеп, елдер арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту мәселесіне тоқталды. 

Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің көшбасшы компаниялары арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылады. 

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев:

«Turkistan International Investment & Tourism Forum – бұл өңіріміздің халықаралық деңгейдегі ашық диалог алаңы. Биыл біз инвестициялық жобалардың жаңа легін тартуға, экспортты ұлғайтуға және туризмді дамытудың нақты механизмдерін көрсетуге басымдық бердік. Форумда ұсынылған идеялар мен келісімдер Түркістан экономикасының өркендеуіне ұзақ мерзімді серпін береді деп сенеміз», – деді ол.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Облыстың негізгі капиталына 10 айдың қорытындысымен 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174